Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына күштеп көшіру кезінде болған даудан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары мен облыстағы екі басқарманың жетекшісі қызметінен алынды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, лауазымынан босатылғандар – Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов.
Болат Күреңбеков Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне былтыр тамызда тағайындалған. 2021 жылдан бері ол Қостанай облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы болған. Қызметін 2000 жылы бастаған Күреңбеков түрлі жылдары Павлодар, Алматы облыстарында, Алматы, Астана қалаларында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтерін атқарған.
Алматыдағы "Бағанашыл" балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді Қонаев қаласына көшіру бастамасына балалар наразы екені наурыз айында мәлім болған. 21 шілде күні көшіру кезінде балалар полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, оқиға орнынан түсірілген кадрлар қоғам наразылығын тудырды да, жағдайға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Президент баспасөз хатшысы Руслан Желдібай президент тапсырмасымен балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтінін, оның Алматы қаласы балансына өтетінін хабарлады. Осыдан кейін бұл дауға жол берген лауазымды тұлғалар жөнінде тексеріс басталған.