Қазақстан қорғаныс министрлігі Польшада қазақстандық әскери дипломат ұсталғанын растады
“Қазіргі уақытта бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен өзара іс-қимыл жасалып жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылданды” деп жазылған ведомство хабарламасында.
Бұған дейін ҚазТАГ Польшада "тыңшылық жасады" деген күдікпен қазақстандық әскери атташенің көмекшісі ұсталғанын жазған.
Дереккөзге сүйенген Elmedia-ның жазуынша, күдіктінің аты-жөні Әнуар Б. Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкері шілде соңында ұсталған. Оның Украина аумағында ғана дипломатиялық иммунитеті болған.
Тамыз басында Польша премьер-министрі Дональд Туск "Польша мен оның одақтастарына қарсы тыңшылық жасады" деген күдікпен ер адам ұсталғанын мәлімдеген. Польшаның арнайы қызметіндегі дереккөзге сүйенген ақпарат құралдарының хабарлауынша, күдікті “шетелдік әскери барлау қызметінің өкілі”.
Бұған дейін Польшаның ішкі істер министрі болған Томаш Семоняк күдікті “Азиядағы бұрынғы советтік республикасының азаматы” деп мәлімдеген. Бірақ нақты қай ел екенін айтпаған.
Семоняктың айтуынша, күдікті “Польша мен оған одақтас әскери құрылымдарына қатер төндіру мақсатында тыңшылықпен айналысқан”. Польша прокуратурасының мәліметінше, күдікті биыл 15 наурыз бен 30 шілде аралығында Варшава мен Польшаның солтүстігіндегі Быдгощ қаласында “тыңшылықпен айналысқан”. Күдікті өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Польша билігі айтқан күдіктінің Қазақстанға қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталмады.