Тоқаев пен Зеленский телефонмен сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев және Владимир Зеленский

Ақорда хабарламасында телефон әңгіме Украина жағының бастамасымен болғаны жазылған.

Телефон әңгіме барысында Тоқаев Қазақстан Украинада “халықаралық құқық қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі” екенін айтқан.

“Атап айтқанда, президент Астананың әуел бастан әділдік негізінде бейбітшілік формуласын бірлесе іздеуді жақтағанын, БҰҰ Жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын сақтау туралы жүйелі түрде пікір білдіргенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргідей өте күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу маңызды” деп жазылған хабарламада.

Одан бөлек, Тоқаев “территориялық түйткілдің күрделі екенін түсінетінін” жеткізген.

“Бұл – халықаралық қатынастардағы ең қиын мәселе. Көбіне бейбітшілік туралы келісімге қол жеткізу, тіпті бітімге келу жолында еңсерілуі қиын кедергіге айналады. Бірақ қазіргі ең басты міндет – қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік беру арқылы Украина елінің мемлекеттілігін сақтау” деп жазылған президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тоқаев Қазақстан Украинамен өзара мүддеге сай келетін түрлі салада белсенді ынтымақтастық құруға ниетті екенін атап өткен.

Зеленский Тоқаевқа "Украина халқының, біздің тәуелсіздігіміздің, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымыздың қолдауы үшін" ризашылық білдірді.

"Шынында да, халықаралық құқық, БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттары және ортақ ақыл-парасат – атап айтқанда, мемлекеттердің шекаралары мен аумақтық тұтастығын, әрбір халықтың абыройын құрметтеу – үстем болуы тиіс. Мен кез келген ел үшін қауіпті жайтқа назар аудардым: егер бір тәуелсіз мемлекет тек "аумақ" ретінде қарастырылып, оны бөлуге әрекет жасалса, бұл — барлық ұлтқа қатер. Тарих талай рет дәлелдегендей: мұндай әділетсіздік бір мемлекетке рұқсат етілсе, ол сонымен тоқтамайды", – деп жазды Зеленский Х әлеуметтік желісінде жариялаған постында.

Сондықтан барлық мемлекет үшін Украинаға әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікті, украин халқының егемендік құқықтарын құрметтеу негізінде қамтамасыз ету маңызды, деді Украина президенті. Ол Тоқаевқа президент Трамппен және еуропалық әріптестермен жүргізілген дипломатиялық жұмыс, қол жеткізілген уағдаластықтар туралы баяндағанын айтты.

"Кеше қауіпсіздік кеңесшілерінің кездесуі өтті, Еуропа бірыңғай ұстанымға келді: соғыс мүмкіндігінше тезірек, сенімді бейбітшілік арқылы аяқталуы тиіс. Өкінішке қарай, Ресей ұрыс қимылдарын созу үшін барын салып жатыр, жарияланған мерзімдерге қарамастан қырғынды тоқтатудан бас тартып, болашақ соққылар үшін жердегі позицияларын нығайтуға тырысуда. Ресейдің мұндай жойқын әрекеттері тоқтатылуы тиіс" деді Зеленский.

Ресми Астана Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптаған жоқ, бірақ ресми түрде қолдаған да жоқ. Қазақстан бұған дейін Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп, Ресей аннексиялап алған украин облыстарын "Ресейдің бөлігі" деп танымаған. Бірақ санкция салынған тауарларды қазақстандық компаниялардың Ресейге тасымалдауы бойынша әңгіме жиі айтылады. Ал Астана Батыс санкцияларына бағынатынын, оның шарттарын бұзбайтынын айтады.

Зеленский мен Тоқаев 15 тамызда Аляскада Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамп кездесуі қарсаңында телефонмен сөйлесіп отыр. Кей мәліметке қарағанда, Мәскеу мен АҚШ келісуі мүмкін ықтимал бейбіт келісім жобасында Украинаның бірақ аумақты беру туралы пунктер де бар. Зеленский 9 тамызда Украина "өз жерін сыйға бермейді" деп мәлімдеді. Әлеуметтік желіде ол "Ресей ұстанымында өзгеріс жоғын" жазған. Путин мен Трамп келіссөзі қарсаңында Украина мен Еуропа елдері АҚШ-қа соғысты тоқтату жоспарын таныстырған. Мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен де сөйлескен.