Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ташкент: "Талибан" өкілдерімен кездесу өткіздік

"Талибан" қозғалысының содырлары жергілікті тұрғындармен бірге Ораза айт мейрамын мерекелеп жатыр. Кабул, 16 маусым 2018 жыл.
"Талибан" қозғалысының содырлары жергілікті тұрғындармен бірге Ораза айт мейрамын мерекелеп жатыр. Кабул, 16 маусым 2018 жыл.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі ресми сайтында "Талибан" қозғалысының жоғары шенді өкілдерімен жұмыс бабында байланыс орнатып, кездесу өткізгені туралы хабарлады.

Кездесудің қашан және қай жерде өткені туралы еш ақпарат айтылмайды. Министрлік мәліметінше, кездесу биыл 27 наурызда Ташкентте өткен Ауғанстан жөніндегі конференцияда жасалған келісім негізінде ұйымдастырылған.

Осы келісім аясында Өзбекстан жағы Ауғанстан үкіметімен, АҚШ, Қытай, Ресей және Халықаралық байланыс тобы елдері, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің өкілдерімен кеңесіп, келіссөз өткізген.

Сыртқы істер министрлігі Ауғанстан үкіметі мен "Талибан" арасында мұсылмандардың Ораза айт мейрамы кезінде өзара бітім орнату режимін енгізгенін құптайды. Өзбекстан бұл бітім Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің қақтығысты тоқтату режимін ұзартқанына байланысты ұзақ уақытқа созылады деп үміттенеді.

Алайда, Ораза айт аяқталмай жатып "Талибан" өкілдері Ауғанстан үкіметі ұсынған қақтығысты тоқтату режимін ұзартудан бас тартқан.

Басқа да жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі Польшада "тыңшылық" күдігімен қазақстандық әскери дипломат ұсталғанын растады

Қазақстан қорғаныс министрлігі Польшада қазақстандық әскери дипломат ұсталғанын растады

“Қазіргі уақытта бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен өзара іс-қимыл жасалып жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылданды” деп жазылған ведомство хабарламасында.

Бұған дейін ҚазТАГ Польшада "тыңшылық жасады" деген күдікпен қазақстандық әскери атташенің көмекшісі ұсталғанын жазған.

Дереккөзге сүйенген Elmedia-ның жазуынша, күдіктінің аты-жөні Әнуар Б. Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қызметкері шілде соңында ұсталған. Оның Украина аумағында ғана дипломатиялық иммунитеті болған.

Тамыз басында Польша премьер-министрі Дональд Туск "Польша мен оның одақтастарына қарсы тыңшылық жасады" деген күдікпен ер адам ұсталғанын мәлімдеген. Польшаның арнайы қызметіндегі дереккөзге сүйенген ақпарат құралдарының хабарлауынша, күдікті “шетелдік әскери барлау қызметінің өкілі”.

Бұған дейін Польшаның ішкі істер министрі болған Томаш Семоняк күдікті “Азиядағы бұрынғы советтік республикасының азаматы” деп мәлімдеген. Бірақ нақты қай ел екенін айтпаған.

Семоняктың айтуынша, күдікті “Польша мен оған одақтас әскери құрылымдарына қатер төндіру мақсатында тыңшылықпен айналысқан”. Польша прокуратурасының мәліметінше, күдікті биыл 15 наурыз бен 30 шілде аралығында Варшава мен Польшаның солтүстігіндегі Быдгощ қаласында “тыңшылықпен айналысқан”. Күдікті өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Польша билігі айтқан күдіктінің Қазақстанға қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталмады.

Тәжікстан президентінің кіші қызы министрліктің басқарма жетекшісі болып тағайындалды

Фарзона Эмомали
Фарзона Эмомали

Тәжікстан президентінің кіші қызы Фарзона Эмомали денсаулық сақтау министрлігіне қарасты реформа, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және халықаралық байланыс басқармасының жетекшісі болып тағайындалды.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 27 жастағы Фарзона Эмомали Тәжікстан мемлекеттік медициналық университетінің емдеу факультетін және "педиатрия" мамандығы бойынша клиникалық ординатурасын аяқтаған. 2023 жылы Тәжікстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына жетекшілік еткен. Осы басқармада Рахмонның қызы 2021 жылдан бері маман ретінде істеген.

Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, 2022 жылы сол кездегі бас прокурор Юсуф Рахмонның ұлы Сафархон Рахмонға тұрмыс құрған. 2025 жылы қаңтарда Юсуф Рахмон қызметінен кеткен. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі өзінің ресми хабарламасында Фарзон Эмомалидың тұрмыста еместігін және бір бала тәрбиелеп отырғанын жазған.

Эмомали Рахмонның 9 баласы бар: жеті қыз, екі ұл. Бірнешеуі түрлі мемлекеттік қызмет атқарады. Рустам Эмомали Душанбе мэрі және парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы. Озода Рахмон 2016 жылдан бері президент әкімшілігіне жетекшілік етеді, ал Рухшона Эмомали Тәжікстанның Ұлыбританиядағы елшісі.

2023 жылы Азаттықтың Тәжік қызметі Парвина Рахмонова әкімшілік ресурстың көмегімен алты жыл ішінде дәрі-дәрмек нарығында жетекші компанияға айналған коммерциялық мекемеге жетекшілік ететінін жазған. Зарина Рахмон коммерциялық "Ориёнбанк" басқарма төрағасының орынбасары. Тахмина Рахмонова – "Әуе хабарламалары агенттігі" компаниясының құрылтайшысы. Журналистердің дерегінше, компания Тәжікстандағы авиабилеттер нарығын бақылайды.

Адам құқығы бюросы: билікті сынап жүрген белсенді 7 жыл түрмеге кесілді

Қылмыстық істер жөніндегі Орал соты. Көрнекі сурет.
Қылмыстық істер жөніндегі Орал соты. Көрнекі сурет.

11 тамызда Орал соты азаматтық белсенді Жандарбек Башановты 7 жыл түрмеге кесті. Оған "алауыздық қоздыру" (174-бап, 1-бөлігі) және "терроризмді насихаттау" баптары (256-бап, 2-бөлігі) бойынша айып тағылған. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау бюросы хабарлады.

Азаттық сот порталынан үкімнің өзін таба алмады, онда тек аралық кездегі құжаттар ғана жарияланған. Белсендіге тағылған айыптардың жай-жапсары белгісіз.

Адвокат Салауат Беркалиевтің Азаттыққа айтуынша, Башановтың әлеуметтік желідегі жазбаларына сараптама жүргізіліп, ондағы жазбалар "алауыздық қоздырады" деген қорытынды жасалған. Ал Башанов өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол үкімге апелляция түсіретінін айтты. Айтуынша, Башанов желіде елдегі саяси жағдай, "теріс ағымдарды сынап" жазба жариялаған.

Бюроның хабарлауынша, Башанов биыл 21 наурызда қоқысты шығармақ болып, үйінен шығып бара жатқан кезде ұсталған. Содан бері тергеу изоляторында отырған.

Бұған дейін Башановты полиция "бейбіт наразылықтарға қатыспақ болғаны үшін" талай рет ұстап, әкімшілік жазаға тартқан.

2023 жылы оған "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" бостандығын шектеген.

"Башановқа қатысты бұрынғы қылмыстық істі қозғауға Қазақстанда қылмыс ретінде жиі бағаланатын азаматтық позициясын білдіру жағдайлары негіз болды. Бұған «ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Астана соты "экстремистік ұйым" деп танп, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент оны "оппозициялық ұйым" деп атаған - ред.) белсенділерінің» телеграм-чатына қосылуы, билікті сынайтын видеомәлімдемелер, наразылық акцияларына қатысу талпынысы және ең «қорқыныштысы» - «№1 мемлекеттің жауы» Мұхтар Әблязовті қолдау" кіреді. Қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптамалық кеңесі оны тергеу изоляторында отырған кезінде саяси көзқарасын білдіргені үшін қудаланған саяси тұтқындар тізіміне енгізген" деп жазды Адам құқығы бюросы.

Адам құқығы бюросы жазбасында қазір Қазақстанда оппозициялық "ҚДТ мен "Көше партиясын" жақтаған азаматтық белсенділерді ұстау мен сот процестерінің жаңа толқыны" пайда болғанын атап өткен. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

Қазіргі кезде қазақстандық құқық қорғаушылар 30 шақты адамды саяси тұтқын деп таныған, тізім толығып жатыр.

Берденовтің соты: куәгер сотталушы Жиембайды жұмыстан шығару жоспары болғанын растады

Шымкенттегі сот.
Шымкенттегі сот.

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған “қастандық ісі” бойынша сотта куәгер ретінде жауап берген құрылыс басқармасының құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің жетекшісі Аманғали Кенжебеков сотталушыны жұмыстан шығару жоспары болғанын растады.

Informburo жазуынша, 21 сәуірде оған басқарма жетекшісінің орынбасары хабарласып, Ернар Жиембай қызметтен кету туралы өтініш жазғанын-жазбағанын сұраған. Ол кезде Жиембай әкімдікке қарасты “Тұрғын үй Шымкент” компаниясының директоры болған. Қоңыраудан кейін Кенжебеков Жиембайға хабарласқан.

“Ернар “маған бір ай уақыт берді ғой, неге бұлай істеді? деп жауап берді. Оған дейін Жиембайдың қандай да бір ереже бұзғанын байқамадым” деді Кенжебеков.

Куәгердің сөзінше, Жиембайды қызметке тағайындау немесе қызметтен босату құқығына басқарма бастығы ие және Берденовте оны жұмыстан шығару құқығы болмаған.

Бұл іс бойынша сот 6 тамызда Шымкентте басталған. Іс бойынша Шымкент әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" компаниясының бұрынғы директоры Ернар Жиембайға "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған. Ол Берденовті өлтіруге оқталғанын жоққа шығарады.

6 тамызда Ернар Жиембай сотта “қызғаныштан” эмоцияға беріліп, оқ атқанын, әйелінің Берденовпен жазысқанын көргенін, Берденовтің жұмыста дөрекілік танытып, намысына тиетін сөздер айтқанын жеткізген.

Ізінше Берденов сотталушының айтқандарын толық жоққа шығарып, "манипуляция" деп атаған. "Қақтығыстың түп-төркіні - кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім" деп жазды Берденов желідегі парақшасында.

Ол денсаулығына байланысты сотқа бара алмағанын айтты.

Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында "қастандық жасалып", оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған еді. Оқиғаға не түрткі болғаны белгісіз.

Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Қазақстан аумағында Starlink интернетін пайдалану қызметі іске қосылды

Бүгіннен бастап Қазақстан аумағында Starlink интернетін пайдалану қызметі іске қосылды. Бұл жөнінде цифрлық даму министрлігі хабарлады.

"Starlink технологиясы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтарда да тұрақты интернет қосылуын қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді" деп жазылған хабарламада.

Маусым айында Қазақстан цифрлық даму министрлігі мен Starlink компаниясы "Starlink компаниясы қызмет көрсету барысында Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде" келісімге қол қойған.

Десе де, Starlink жабдықтары мен абоненттік төлем қымбат болады деген болжам айтылады. starlinkinsider.com мәліметінше, Моңғолияда ай сайынғы абоненттік төлем құны – 27 мың теңге. Жабдықтары жеткізуді есептегенде 243 мың теңге.

Starlink те X желісінде Қазақстан аталған жүйеге қосылғанын хабарлады.

Америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясының спутниктік интернеті көптеген елдерде істеп жатыр.

SpaceX компаниясының Starlink ғаламдық жүйесі шалғай елдімекендерді, ашық теңіздегі кемелерді интернетпен қамтамасыз ету үшін және автократ режиміндегі елдерде ақпарат цензурасыз таралуы үшін құрылған. Осы мақсатта SpaceX Жер орбитасына шамамен 2300 спутнигін ұшырған. Желінің қызметін қолдану үшін станциядан бөлек терминал керек.

Зеленский: Украина әскері Донецк және Луганск облыстарынан кетпейді

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

"Украина әскері Донецк және Луганск облыстарының өздері бақылап отырған аумағынан кетпейді” деп мәлімдеді Украина президенді Владимир Зеленский сейсенбі күні кешке журналистермен кездесу кезінде.

“Донбастан кетпейміз – оған жол бере алмаймыз. Біздің жерімізді заңсыз тартып алды. Донбасты орыстарға беру – болашақтағы шабуылдарға плацдарм болмақ. Егер Донбастан өз еркімізбен кетсек немесе бізге қысым жасаса – үшінші соғысқа жол ашылады” деді Зеленский.

“Әрине, Американың ұстанымын көргім келген. Біздің жерімізді басып алады, украиндарды өлтіреді, одан кейін «әрі қарай сіздерді өлтірмесін десеңіздер, кетулеріңіз керексіздер” дейді. Донецк облысынан кету керек пе? Қандай ымыра болды? НАТО, ЕО құрамына енеміз бе? Ертең соғыс қайта басталмайтындығына және Путин кемінде Днепр, Запорожье мен Харьковты басып алуға талпынбайтындығына кепілдік беретін ештеңе естіген жоқпыз. Ол Американың екі президенті тұсында екі рет соғыс бастады, үшінші соғысты бастамайтындығына не кедергі?” деді Зеленский.

Сейсенбі күні Зеленский Киев АҚШ пен Ресейдің Аляскадағы кездесуі кезінде қабылданатын шешімді мойындамайтынын айтқан. Украина президентінің сөзінше, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі АҚШ пен Ресейдің екіжақты қатынасы үшін ғана маңызды. Бұл кездесудің өзін Зеленский Путиннің “жеке жеңісі” деп атады.

“Украина мәселесін Украинасыз тақылау мүмкін емес және оны ешкім де қабылдамайды” деді ол.

Владимир Зеленскийдің айтуынша, үкімет пен қарулы күштеріне кемінде 22-ге толған ер адамдардың елден шығуына тыйым салатын ережені алып тастау мәселесін қарастыруды тапсырғанын айтты.

Ресей соты Крым.Реалии тілшісін сырттай қамауға алды

Алексина Дорогань,
Алексина Дорогань,

Ресей аннексиялап алған Қырымда сот Азаттықтың Украин қызметінің жобасы Крым.Реалии тілшісі Алексина Дороганды сырттай екі айға қамауға алды. Оған 20 жыл түрме қаупі төніп тұр.

Дороганның сөзінше, қылмыстық қудалау жөнінде биыл 11 тамызда естіген. Оның айтуынша, Қырымдағы пәтерінің пошта жәшігіне сырттай қамау туралы шешімге қатысты апелляция жөнінде хат келген. Материалдарды Ресей соты тағайындаған адвокат жіберген.

Мемлекеттік адвокаттың хатындағы мәліметке қарағанда, сырттай қамау туралы сот шешімі 2025 жылдың 23 маусымында шыққан. Журналистке қандай бап бойынша айып тағылғаны айтылмаған. Бірақ онда мұндай қылмыс үшін "20 жыл түрме жазасы" қарастырылғаны жазылған, істі ФСБ тергеушісі жүргізіп жатыр.

Сот ресурсындағы мәліметтерге қарағанда Дороганға қарсы "Ресейдің мүддесіне қайшы заңсыз әскери қарулы топ құру немесе оған қатысу" (Ресей Қылмыстық кодексінің 208-бабы) бабы бойынша іс қозғалған. Қырымның Жоғарғы соты шешімді күшінде қалдырды.

Ресей билігі Крым.Реалии тілшісін "террористер мен экстремистер" тізіміне енгізген.

Алексина Дорогань – Украинада қаза болған Қырымда тұрған ресейлік әскери қызметкерлер туралы негізгі зерттеулердің авторы, "Груз 200" дерекқорын құрастырушы. Ол аннексияланған Қырымнан 2014 жылы тамызда кеткен. Ресей билігі Қырым тұрғындарына тықпалаған Ресей төлқұжатынан да бас тартқан.

«Хочу жить»: Орталық Азия елдерінің мыңнан астам азаматы шарт мерзімі бітсе де, Украинада Ресей жағында соғысып жатыр

Ресей қорғаныс министрлігімен жасасқан шарт мерзімі аяқталғанына қарамастан Орталық Азия елдерінің 1257 азаматы Украинада Ресей әскері қатарында соғысып жатыр. Бұл жөнінде Украинаның мемлекеттік "Хочу жить" жобасы хабарлады.

12 тамызда жоба шарт мерзімі аяқталғаннан кейін де Ресей әскері жібермей жатқан өзге ел азаматтарының рейтингісін жариялады. Бірінші орында Өзбекстан тұр: жоба мәліметінше 426 өзбек азаматы мерзімі өтіп кеткен келісімшартпен Ресей қарулы күштері қатарында жүр.

Ресей әскері қатарында келісімшарт мерзімі аяқталған 367 тәжік, 241 қазақстандық, 155 қырғыз азаматы және 68 түркімен азаматы бар.

"Ресей қорғаныс министрігімен шарт жасасу – бірбағытты билетпен пара-пар. Ресей келісімшарты аяқталған шетел жалдамалыларын жібермей жатыр. Дереккөздеріміз арқылы әлемнің 86 елінен Ресей қарулы күштерімен келісімшарттары біткен, бірақ автоматты түрде ұзартылатын 3000-нан астам шетелдік жалдамалылардың аты-жөні туралы ақпарат пен тізім алдық. Осы жалдамалылар Ресей әскерінен заңды түрде кетеміз деп үміттенген болса, мұны қабірде немесе аяқ-қолдан айырылған кезде жасайды" деп жазды "Хочу жить" жобасы.

Орталық Азия аймағынан мыңдаған еңбек мигранты Украинаға қарсы соғысқа күштеп жіберілген немесе жолақы жалақы төлейміз деген уәдемен аттандырылған деп жазды құқық қорғаушылар. Бұған қоса, Орталық Азия елдерінен барған, 2022 жылдың ақпанына дейін Ресей төлқұжатын алған тағы мыңнан астам адам мобилизацияланған немесе шарт жасасқан.

Биыл мамырда Петербург форумы кезінде Ресей тергеу комитетінің жетекшісі Александр Бастрыкин қандай да бір себеппен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанда тұрғысы келмейтін шамамен 20 мың азаматтар майданда алдыңғы шепте соғысып жүр деп мәлімдеген.

Киевтің айтуынша, Орталық Азиядан барған ер адамдар ылғи жаяу әскеріне жіберіледі, ал олар қанды штурмдар кезінде пайдаланылады.

Орталық Азия елдерінде шетелдегі қақтығыстарға қатысу қылмыс болып саналады, бірақ соғысқа қатысқандардың кейбірі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады немесе 4-5 жылға дейін жаза алады.

Ресей мигранттардың балаларын тегін орта білімнен айыруы мүмкін

Мемлекеттік дума отырысы
Мемлекеттік дума отырысы

Ресей Мемлекеттік думасында түрлі фракцияға мүше депутаттар тобы мигранттардың балаларын тегін орта білімнен айыратын заң жобасын ұсынды. Жоба бойынша, шетел азаматтарының балалары ақылы оқуға тиіс. Бұл туралы "Коммерсантъ" басылымы хабарлады.

Заң жобасын ұсынған депутаттар қатарында ЛДПР партиясынан шығарылған Ярослав Нилов, "Справедливая Россия - За правду" партиясының мүшесі Яна Лантратова және КПРФ мүшесі Нина Останина бар.

Жоба "Білім туралы заңға" түзету енгізуді көздейді.

Депутаттар бүгінде Ресей мектептерінде 181 мың мигрант баласы оқитыны және олардың көбі "орыс тілін жетік білмегендіктен сабақ оқуда қиналатынын", сол себепті мұғалімдер оларға көбірек көңіл бөлуге мәжбүр екенін айтады. Олардың сөзінше, орта мектептерде мигрант балаларының саны артқандықтан, оқушыларға орын жетіспей, мұғалімдерге артық салмақ түсіп жатыр.

Ресей ағарту министрлігі бұл бастамаға қарсы шықты. Министрліктің жалпы білім беру департаментінің директоры Александр Реут мәлімдеме жасап, шетел азаматтарының балаларына мектептерде тегін білім алуға тыйым салу Ресей конституциясына қайшы келеді деді.

Биыл маусымда Ресей депутаттары мектептерді ішкі істер министрлігіне мигрант балалары мен олардың ата-аналары жөнінде есеп беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдағаны хабарланған. Палата төрағасы Вячеслав Володин бұл заң жобасы заңсыз мигранттар мен олардың мектепке бармаған балаларын анықтауға мүмкіндік береді деген.

2024 жылғы наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін Ресей президенті Владимир Путин көші-қон саясатын қайта қарауды тапсырған. Полиция тәжік азаматтарын терактіні ұйымдастырды деп күдікке алған. Мемлекеттік дума көші-қон саясатын күшейтетін кемі 13 заң қабылдаған. Шетел азаматтарының Ресейде визасыз болу мерзімі екі есе қысқартылып, елден кетіру тәртібі іске қосылды. Сондай-ақ, бақылауға алынған азаматтардың арнайы тізілімі пайда болып, полицияның мигранттарды тінтуі көбейді.

АҚШ депортациялаған 25 қырғыз азаматы Бішкекке жеткізілді

АҚШ көші-қон полициясы
АҚШ көші-қон полициясы

АҚШ көші-қон заңын бұзды деп айыпталған 25 қырғыз азаматы 9 тамыз күні арнайы рейспен Бішкекке жеткізілді. Бұл туралы Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Қырғыз сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, енді бұл азаматтарға АҚШ есігі 5, 10, 15 жылға немесе өмір бойына жабылмақ.

"Елге заңсыз түрде қайта кіру әрекеті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты, АҚШ-та заңсыз жүрген Қырғыз Республикасының азаматтарын елден өз еркімен кету мүмкіндігін қарастыруға шақырамыз" делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Бұған дейін Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі Айбек Молдоғазиев АҚШ 45 қырғыз азаматын депортациялау туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Осыған орай, елші отандастарына үндеу жолдаған.

"Елшілік Америка Құрама Штаттарында тұратын Қырғызстан азаматтарын АҚШ-тың көші-қон заңнамасын қатаң сақтаудың маңыздылығын білуге және оларды қатаң сақтауға шақырады. АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің мәліметі бойынша, кейінгі жылдары Қырғызстан азаматтары визалық режимді жиі бұза бастаған. Біз барлық отандастарды визалық режимді қатаң сақтауға шақырамыз" деді ол.

Шілде айында АҚШ Мемлекеттік департаменті бірқатар елдің, соның ішінде Қырғызстанның азаматтарына берілетін иммиграциялық емес визалардың жарамдылық мерзімін қысқартқанын хабарлады. Онда бұл шешімнің президент Дональд Трамптың "АҚШ-ты шетелдік лаңкестер мен басқа ұлттық және қоғамдық қауіптерден қорғау" жарлығына сәйкес қабылданғаны атап өтілді.

Оған сәйкес, бұрын B-1/B-2 визалары Қырғызстан азаматтарына он жылға дейінгі мерзімге берілсе, енді бұл мерзім үш айға дейін қысқартылды және бұл виза АҚШ-қа бір ғана рет кіруге мүмкіндік береді.

Маусымның басында Дональд Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа келуге тыйым салып, 7 елдердің азаматтарына шектеу енгізді. Маусымның ортасында Трамп тағы 36 елдің азаматтарына АҚШ-визасын беруге тыйым салуды қарастырып отырғаны, бұл елдердің ішінде Қырғызстан да бары хабарланды. Осыдан кейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Бішкектегі елшілігімен келіссөз жүргізді.

"Бағанашыл" балалар үйіндегі дау: үш шенеунік қызметінен қағылды

Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін күштеп көшіру сәті. Алматы, 21 шілде 2025 жыл.
Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін күштеп көшіру сәті. Алматы, 21 шілде 2025 жыл.

Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына күштеп көшіру кезінде болған даудан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары мен облыстағы екі басқарманың жетекшісі қызметінен алынды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, лауазымынан босатылғандар – Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков, білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева және ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов.

Болат Күреңбеков Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне былтыр тамызда тағайындалған. 2021 жылдан бері ол Қостанай облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы болған. Қызметін 2000 жылы бастаған Күреңбеков түрлі жылдары Павлодар, Алматы облыстарында, Алматы, Астана қалаларында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызметтерін атқарған.

Алматыдағы "Бағанашыл" балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді Қонаев қаласына көшіру бастамасына балалар наразы екені наурыз айында мәлім болған. 21 шілде күні көшіру кезінде балалар полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, оқиға орнынан түсірілген кадрлар қоғам наразылығын тудырды да, жағдайға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Президент баспасөз хатшысы Руслан Желдібай президент тапсырмасымен балалар үйі Қонаевқа көшірілмейтінін, оның Алматы қаласы балансына өтетінін хабарлады. Осыдан кейін бұл дауға жол берген лауазымды тұлғалар жөнінде тексеріс басталған.

Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: үшінші адамның сүйегі табылды

Сорбұлақ су қоймасындағы іздеу жұмыстары. Алматы облыстары, 10 тамыз 2025 жыл
Сорбұлақ су қоймасындағы іздеу жұмыстары. Алматы облыстары, 10 тамыз 2025 жыл

Сейсенбі, 12 тамыз күні Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасынан апатқа ұшыраған тікұшақтың үшінші экипаж мүшесі Аман Амангелдінің мәйіті табылды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

"12 тамыз күні экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат" деді министрлік Telegram-арнасында.

Бұған дейін оқиға орнынан экипаж командирі майор Нұржігіт Үйсінбаев пен борт технигі капитан Бақтияр Ержігітовтің сүйегі табылған.

Қорғаныс министрлігіне қарасты ЕС-145 әскери тікұшағы 25 шілде күні Алматы облысы аумағында хабар-ошарсыз кеткен. Кейінірек тікұшақ сынықтары Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасынан табылып, құтқарушылар экипаж мүшелерін осы су қоймасынан іздеуге кіріскен.

Нұржігіт Үйсінбаев 10 тамыз күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Сұлтанрабат ауылының зиратына, Бақтияр Ержігітов Павлодар облысында жерленді.

АҚШ пен Қытай сауда бітімін 90 күнге ұзартты

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Жапонияның Осака қаласында өткен саммитте. 2019 жылғы сурет.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Жапонияның Осака қаласында өткен саммитте. 2019 жылғы сурет.

Вашингтон мен Пекин сауда бітімін тағы бір 90 күндік мерзімге ұзартты. АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі, 12 тамыз күні Truth Social әлеуметтік желісінде Қытай тауарына баж салығын арттыруды 10 қарашаға дейін шегеретін жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Қытай сауда министрлігі де АҚШ тауарларына баж салығын арттыру мәселесін үш айға шегеретінін хабарлады.

АҚШ пен Қытай арасындағы осыған дейін сауда бітімі сейсенбіде аяқталуға тиіс болған. Бұған дейін Вашингтон қытай тауарларына баж салығын 145 пайызға дейін, ал Қытай америкалық импортқа қойылған салықты 125 пайызға дейін көтеретінін мәлімдеген. Енді қарашаға дейін қытай импортына қойылған баж салығы 30 пайыз, америкалық импортқа қойылған салық 10 пайыз көлемінде болмақ.

"Енді не боларын байқап көреміз" деді Трамп дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен қарым-қатынасы жақсы екенін атап өтіп.

Қытай билігі сауда бітімін ұзарту ғаламдық экономикаға оң әсер етіп, екі ел басшысының 5 маусымдағы телефон әңгімесінде қол жеткізген мәмілесін нығайтуға бағытталған деді.

Өткен аптада Трамп АҚШ пен Қытай сауда келісіміне келуге жақын екенін, келісім жасалса, жылдың аяғына дейін Си Цзиньпинмен кездесетінін мәлімдеген.

Қос тарап мамыр айында Швейцариядағы Женева қаласында өткен келіссөзден кейін 90 күнге сауда бітімін жариялаған. Шілденің аяғында екі ел өкілдері Швециядағы Стокгольмде қайта бас қосып, АҚШ өкілдері Трампқа сауда бітімін ұзарту жөнінде ұсыныс білдірген.

Дональд Трамп екінші мәрте президент болып сайланғалы әлем елдерімен баж салығын қайта қарап, теріс сальдо қалыптасқан елдерден келетін тауарға кеден салығын арттыратынын мәлімдеген.

Вашингтон сондай-ақ Мәскеуге қысым қысым көрсету аясында Пекинді Ресей мұнайын сатып алуды доғаруға шақырған. Трамп Пекин бұл үндеуге құлақ аспаса, Қытайға екінші деңгейлі санкция жариялайтынын айтқан.

Баку Әзербайжан-Армения бейбіт келісімі жобасын жариялады

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, АҚШ президенті Дональд Трамп және Армения премьер-министрі Никол Пашинян үшжақты келісімге қол қою рәсімінде. Ақ үй, Вашингтон, 8 тамыз 2025 жыл.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, АҚШ президенті Дональд Трамп және Армения премьер-министрі Никол Пашинян үшжақты келісімге қол қою рәсімінде. Ақ үй, Вашингтон, 8 тамыз 2025 жыл.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Баку мен Ереван арасындағы парафирленген бейбіт келісімнің 17 тармақтан тұратын мәтінін жариялады.

Бұл құжатқа қарағанда, тараптар бір-біріне қарсы күш қолданудан бас тартады, бөлек келісім аясында шекара делимитациясын жүргізеді, сондай-ақ бейбіт келісім шарттарын орындауды қадағалау жөнінде ортақ комиссия құрады.

Сонымен қатар келісім күшіне енгенде Әзербайжан мен Армения бір-біріне қарсы берген халықаралық сот шағымдарын қайтарып алмақ.

8 тамыз күні Вашингтондағы кездесуде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян әскери қақтығыстан бас тартып, дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге келісті.

"Олар 35 жыл бойы соғысты. Енді олар достасып отыр" деді Трамп үшжақты келісімді қорытындылап.

Ал Әлиев пен Пашинян Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды.

Келіссөз қорытындысы бойынша, Армения аумағы арқылы өтетін Зангезур дәлізін 99 жыл бойы америкалық компания бақылайтын болды. Бұл дәліз "Трамптың бейбітшілік пен өркендеуге арналған жолы" (Trump Route for International Peace and Prosperity, немесе TRIPP) деп аталды.

Зангезур дәлізі Әзербайжанды Нахчыван дейтін эксклавымен жалғамақ.

Тоқаев "Росатом" салатын АЭС-ке атау беру жөнінде конкурс өткізуді ұсынды

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде елде салынатын алғашқы атом электр станциясына (АЭС) атау беру жөнінде конкурс өткізуді ұсынды.

– "Росатом" компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, – деді ол.

Өткен аптада Алматы облысында станция құрылысы ресми түрде басталған. Орталық Азиядағы алғашқы АЭС-ті Ресейдің "Росатом" мемлекеттік корпорациясы салмақ. 8 тамыз күні облыстағы Үлкен ауылында Қазақстан атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатомның" бас директоры Алексей Лихачев салтанатты батырманы басып, нысанға капсула салды.

Құрылыс Ресей халықаралық санкцияға ұшырап, ұзақмерзімді міндеттемелерін орындау әлеуеті әлсіреген тұста жүрмек. Биыл шілдеде Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясын салу алаңында жалақы кешіккенін айтқан жұмысшылар ереуіл бастаған. "Росатом" жалақының кешігуіне "дос емес елдердің әрекеті" түрткі болды деді.

Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті қытайлық CNNC компаниясы соқпақ. Байқаушылардың айтуынша, екінші және үшін станция құрылысы тезірек аяқталып, жалпы құны "Росатом" станциясынан арзанға шығуы ықтимал. Сәтқалиевтің сөзінше, "Росатом" жобасын жүзеге асыруға шамамен 14-15 млрд доллар жұмсалмақ.

Тағы

XS
SM
MD
LG